Дж. Верди
«ТРАВИАТА»
3 актілі опера
Либретто Ф. Пиаве
Спектакльдің премьерасы 1996 жылғы 3 шілдеде болды.
Ұзақтығы 2 сағ. 40 мин
ҚОЙЫЛЫМ ТОБЫ:
Көркемдік жетекші- В. Матросов
Музыкалық жетекші -Ресей өнеріне еңбек сіңірген қайраткер
В.Горелик
Режиссері - Г. Оганесян
Дирижер - А. Мендельштам
Суретші - В. Чалеев
Балетмейстер - М. Лепилина
Хормейстерлер - Е.Кулакова, Т.Штыкова
Костюмдер ойынша суретші - О. Витолс
ТАРИХИ АНЫҚТАМА
«Травиата» - Джузеппе Вердидің операсы, либреттосын жазған Франческо Мария Пиаве. А. Дюманың ұлының «Камелиялы ханым» романы негізге алынған.«Травиата» алғаш рет 1853 жылы 6 наурызда Венециядағы «Ла Феница» опера театрында көрерменге ұсынылғанда сәтсіздікке ұшыраған болатын, дегенмен ол қайта өңделіп, тарихтағы ең танымал опералардың біріне айналды. Кіші Дюманың «Камелиялы ханымы» жарыққа шыққан уақытпен қатар Еуропада спектакль де қойылып жатты. Кейіпкердің прототипі - атақты париждік куртизанка Мари Дуплесси, оның сұлулығы мен ерекше ақыл-ойы көптеген көрнекті адамдарды өзіне тартты. Дюплессидің сұлулығына тәнті болып, қызыққандардың қатарында сол кезде жаңа бастаған жазушы кіші Дюма да болды. Олардың айрылысуы және одан кейін Дюманың саяхатқа кетуі, әкесі - «Үш мушкетердің» авторының талап етуімен болған делінеді аңыздардың бірінде.
Дюма Парижге оралғанда Мари Дюплесси бұл дүниеде жоқ еді, ол 1847 жылы туберкулезден қайтыс болды. Осыдан кейін көп ұзамай «Камелиялы ханым» романы пайда болғанда көп оқырман оның бас кейіпкері Маргарита Готьенің Мари Дуплесси екенін жазбай таныды, ал Маргарита таза және риясыз сүйіспеншілікпен ғашық болған жас жігіт Арманд Дювальдан романның авторын көргендей болған.
1848 жылы Дюма романды өңдеп, пьесаға айналдырды, бірақ оның премьерасы тек төрт жылдан кейін болды: цензура буржуазиялық қоғамның моральдық негіздерін сынап, пьесаны азғындық деп санап, өндіріске ұзақ уақыт жол бермеді. Ақыры сахнаға жол тартқан «Камелиялы ханым» бірден керемет жетістікке жетті және Еуропадағы барлық театрларда қойылды.
Париждегі премьераға Верди қатысты, ол көп ұзамай опера жазуға кіріседі. Оның әріптесі Ф. Пиаве болды (1810-1876) -ол сол кездегі ең жақсы либреттистердің бірі еді. Қоғам қабылдамаған, бірақ шын жүректен сүйе білетін әйелдің қысқа өмірі туралы оқиға («травиата» - итальян тілінде «азғындаған», «адасқан» мағынаны білдіреді), Вердиді қатты толғандырды. Ал кіші Дюма «Травиата» операсы туралы: «Елу жылдан кейін менің «Камелиялы ханымымды» ешкім есіне де алмас еді, бірақ Верди оны мәңгілік өлмес етті» деп жазды. Сол кездің опералық шығармасы үшін ең бір ерекше нәрсе - ең алдымен басты кейіпкерге жазылмайтын кеселден өлейін деп жатқан куртизанканың таңдалуы болды. Бұрынғыдай, «Риголетто» мен «Трубадур» операларындағыдай, Верди басты персонаж етіп бәрі сыртқа тепкен кейіпкерді алған еді.
ҚОЙЫЛЫМНЫҢ МАЗМҰНЫ
Куртизанка Виолетта Валеридің үйінде көңілді кеш: Виолеттаның жігіттері оның сауығуын тойлап жатыр. Қонақтардың арасында Парижге жақында провинциядан келген Альфред Жермон да бар. Ол Виолеттаға бір көргеннен ғашық болып, таза сезіммен сүйіп қалады. Оның адал махаббатын мұндағылар мазаққа айналдырған. Қонақтардың өтінуімен Альфред ән айтады – махаббат пен өмір туралы Келесі залдан вальстің үні естіледі, қонақтар солай қарай ұмтылады. Кенеттен өзін нашар сезінген Виолеттаның жанында Альфред қалады. Ол Виолеттаны өзінің таза сезіміне сенуін өтінеді. Алдында Виолетта Альфредтің ғашықтық сөздеріне әзілмен жауап қайтарады, дегенмен қоштасарда оған гүл сыйлап, ертеңге кездесуге шақырады. Қонақтар тараған соң, жалғыз қалған Виолетта Альфредтің әдемі сөздерін еске алады. Тұңғыш рет ол өзінің жарқын әрі жеңілтек өмірінде таза сезімді кездестіріп, өз жүрегінде де махаббат пайда болады.
Виолетта мен Альфред Парижден кетіп, қала сыртындағы үйде оңаша өмір сүреді. Тыныш ауыл өмірінде олар бақытты еді. Алайда Альфредтің алаңсыз, бақытты күндерін қызметші Аннинаның келіп, Виолетта өзінің заттарын жасырып сатып жүр деген сөздері бұзады. Ғашығының мұндай ісіне таңқалған ол оның қаржылық шаруасын реттеу үшін Парижге барады. Виолетта жайбарақат келген хаттарды қарап отыр. Оның бірінде бұрынғы құрбысы Флорадан бал-маскарадқа шақырту бар еді. Виолетта оны ысырып қоя салады.
Альфредтің әкесі Жорж Жермон келеді, ол Виолеттаны ұлымды құртатын болдың, біздің отбасымыздың беделіне нұқсан келтірдің деп айыптайды. Виолетта таңданыс пен қынжылыста: Альфредке деген махаббат оның өмірдегі жалғыз қуанышы болатын. Аз ғана өмірі қалған, өйткені ауруы жазылмайтын кесел. Жермонның өтінішіне құлақ аса келіп, Виолетта өз бақытын құрбандыққа шалуға бел буады. Ол ғашығына қоштасу хатын жазады. Қайтып келген Альфред Виолеттаның жылағанын көреді, ол кеткен соң хатты тауып алып, жанталасады. Жермон баласын туған ауылы Провансқа қайтуға шақырады, бірақ баласы әкесін тыңдамайды. Кенет Альфред столда қалған Флораның хатын көреді. Ол енді Виолеттаның өзін біржолата тастап кеткеніне күманданбайды. Бойын қызғаныш билеген ол Парижге асығады, ғашығының алдағанына кек алмақшы.
Флораның үйіндегі бал-маскарад, көңілді кеш қыза түскен. Альфред те басқа ойыншылармен бірге карта столының басында отыр. Барон Дюфолмен бірге Виолетта кіреді. Флора оларды қуанышты қарсы алады.. Бірақ Виолеттаны кеш қызықтырмайды, ол ғашығымен айрылысуына қиналып отыр. Альфред баронға тиіскісі келіп, сылтау іздейді. Виолетта ғашығының өміріне қауіп төніп тұрғанына алаңдап, дуэлді болдырмауға тырысады. Бірақ Альфред қонақтардың көзінше Виолеттаны масқаралап, оның бетіне махаббат үшін төленген ақшаны лақтырады.
Ғашықтық дерті мен ауыр науқастан азап шеккен, достары тастап кеткен Виолетта бірте-бірте сөніп барады. Доктор Гренвиль қанша үміттендіргенімен, Виолетта ақырының жақын екенін біледі. Ол қызметшісіне ақшаны кедейлерге бөліп бер деп бұйырады да, Жермонның хатын қайталап оқиды. Альфред бәрін біледі: әкесі Виолеттаның өзі құрбандыққа шалғаны туралы айтып берген.
Көшеден карнавалдың көңілді шуы естіледі. Әлденеге абыржыған Аннина кіреді. Ол Альфредтің келгенін хабарлайды. Ғашықтардың бақыты шексіз еді: олар Парижді мәңгілікке тастап, жаңа өмір бастауды армандайды. Бірақ Виолеттаның қуат-күші таусылып бара жатты, қуанышы күреске ұласты. Ол бақытқа енді қолы жеткенде өлгісі келмейді. Осы кезде кірген Жермон баласына Виолеттаға үйленуге берген келісімінің өте кеш болғанын түсінеді. Соңғы күшін бойына жиған Виолетта Альфредке ұмтылып, оның қолында жан тапсырады